Алғашқы оқырман – ұлт болашағы.
Кітап – адамзат баласының сан ғасырлық ақыл-ойы мен рухани қазынасын бойына жинаған асыл мұра. Әсіресе бала үшін кітап – қиялын ұштап, ой-өрісін кеңейтетін, өмірге деген танымын тереңдететін сенімді серік. Кітапқа жақын болып өскен бала – білімге құштар, ізденімпаз, болашағына нық сеніммен қарайтын тұлға болып қалыптасады. Сондықтан жас оқырманды кітапқа баулу – келешек ұлттың рухани іргетасын қалаумен тең. Осы игі бастаманың жарқын көрінісі ретінде кітапханамыздың балалар бөлімінде 2026 жылдың алғашқы оқырманы анықталды. Бұл мәртебелі атақ екі жылдан бері кітапхана өміріне белсене араласып жүрген тұрақты оқырман – Қабдолла Айзере Медетқызына бұйырды. Айзере – кітап әлемін өзіне жақын серік еткен, әр шығарманы ықыласпен оқып, мазмұнын терең түсінуге талпынатын зерек оқырман. Жас оқырман әсіресе балаларға арналған жаңадан келген ертегі, танымдық кітаптарға ерекше қызығушылық танытады. Ол әрбір шығарманы асықпай оқып, қиял әлеміне еркін бойлап, кейіпкерлер тағдырынан өзіне қажетті ой түйеді. Кітаптан алған әсері мен тәрбиелік мәні оның ойлау қабілетін дамытып, дүниетанымының кеңеюіне ықпал етуде. Айзеренің кітапқа деген сүйіспеншілігі, үздіксіз ізденісі мен оқуға деген ынта-жігері өз қатарластарына өнеге. Осындай кітапсүйер, білімге құштар жас оқырмандар – кітапханамыздың ғана емес, тұтас қоғамның зор байлығы. Алдағы уақытта да Айзереге оқуда озат болып, білім жолында биік белестерді бағындырып, кітаппен достығы арта берсін деген ізгі тілегімізді білдіреміз. Өйткені кітап оқыған ұрпақ – ел ертеңінің ең берік тұғыры.






