Орталық кітапхана абонемент бөлімі Родина ауыл тұрғындары мен студенттерге, мектеп оқушыларына 2020 жылдың 10 наурыз күні «Құтты болсын, әз Наурыз» атты кітап көрмесін ұйымдастырды.
Көрменің мақсаты: Бүкіл түркі халықтарының ұлық тойы – Наурыз мерекесін ұлттық салт-дәстүрімізбен, әдет-ғұрпымызбен байланыстыра насихаттап, ұрпақтардың өз ұлтына деген сүйіспеншілігін арттыру.
Мерекеге арналып жасалған кітап көрмесі Наурыз тойының табиғатын, шығу төркінін, мазмұны мен мәнін, халықтың мәдени-рухани өміріндегі орнын баяндап, қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы мен қолөнері, ұлттық тағамы туралы насихаттады. Көрмедегі Наурызнама, «Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті», «Атадан өсиет, анадан қасиет», «Қазақ халқының салт-дәстүрлері», «Ас атасы нан», «Қазақ эпостары», «Ұлттық ойын тамашалары», «Қазақтың ұлттық тағамдары», «Қазақтың киіз үйі», «Жеті қазына», «Ағаш бесіктен, жер бесікке дейін» кітаптарымен бірге сәндік-қолтанбалы өнер түрлері-зергерлік бұйымдар, қоржындар, тұрмыс заттары, кәдесыйлар, қазақ шеберлерінің төсек жабдықтары киіз бұйымдары көрсетілген. Наурыз мейрамының шығу тарихынан сыр шертетін кітаптар мен ұсыныс құралдары қойылды. «Ұлыстың ұлы күні», «Наурыз көже», «Әз наурыздың қадірі мен қасиеті» т.б кітаптармен мерзімді басылымдар бетіндегі мол мағлұматтар өз халқының мәдениеті мен этнографиясын танып білгісі келетін әркімге пайдасы мол болмақ. Көрмеге 17 кітап қойылды. Көрме айдың аяғына дейін созылмақ.
Абонемент бөлімінің кітапханашысы Әлімғазина Айгүл.