Арқалық қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінде қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың туғанына 115 жыл толуына орай «Қазақтың маңдайына біткен шоқ жұлдызы» атты арнау көрмесі ұйымдастырылды.
Көрменің негізгі мақсаты - ақынның өмірі мен шығармашылық жолын оқырмандарға кеңінен таныстыру, әдеби мұрасын насихаттау және қазақ поэзиясындағы айрықша орнын дәріптеу.
Көрме барысында оқырмандар Қасым Аманжоловтың шығармашылық өмірбаянымен, қазақ поэзиясына әкелген жаңашылдығымен және ақындық даралығымен танысты. Ақынның отты жырлары арқылы Отанға деген сүйіспеншілік, туған жерді қадірлеу, ел болашағына деген жауапкершілік секілді құндылықтар кеңінен насихатталды.
Қасымның жырлары - уақыт өткен сайын мәні тереңдей түсетін рухани мұра. Ақынның «Өзім туралы» өлеңіндегі өршіл рухы мен азаматтық үні оның шығармашылығының биіктігін танытады. Көрме оқырмандарға ақынның бай мұрасын қайта танып, шығармаларын оқуға деген қызығушылықтарын арттыруға мүмкіндік берді.
Іс-шара соңында оқырмандарға көрмеге қойылған әдебиеттер ұсынылып, Қасым Аманжоловтың шығармаларын оқуға шақырылды. Іс-шараға 18 оқырман қатысып, белсене атсалысты. «Қазақтың маңдайына біткен шоқ жұлдызы» атты арнау көрме ақынның өлмес мұрасын дәріптеп, кейінгі ұрпаққа жеткізуге бағытталған тағылымды әдеби шара ретінде өз мәресіне жетті.







