Кітап – өркениет. Кітап оқу – мәдениет. Кітапхана – осы асыл ұғымдар тоғысқан алтын орда. Уақыт керуені алға тартқан сайын осы үш ұғымның да қадірі артып, бағалана түспек. Бүгінде кітапханада оқырмандарды кітап оқуға баулып, жаңа кітаптарды насихаттап, таныстыру және кітап оқу мәдениетін көтеру тұрғысындағы іс-шаралар дәстүрлі түрде жалғастырылып келеді.
Осы орайда 2 қыркүйек 2019 жыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог- Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Қазақстан халқына жолдауында «Ендігі жылы бәріміз Әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтеміз. Мерейтой барысында ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек» деп атап өткен болатын.
Мемлекет басшысның Жолдауын жүзеге асыру барысында Арқалық қаласының Орталық кітапханада «Ұлы бабалар тағылымы» атты жылдық тақырыптық кітап көрмесі құрылды. Көрменің бірінші бөлімі: Көрнекті ойшыл, өзінің замандастарының арасындағы ең ірі ғалым, философ және шығыс аристотелизмінің ең ірі өкілі Әл-Фарабидің 1150 жылдыңына арналды.
Әбу Насыр Әл-Фараби 870 жылы Арыс өзенінің Сырға барып құятын сағасындағы Фараб (қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданы маңайындағы ортағасырлық қала – Sputnik) қаласында дүниеге келді. Ғұлама ойшылдың толық аты-жөні – Әбу-Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед Тархан ибн Ұзлағ Әл-Фараби. Өзінің білімділігі мен сауаттылығының арқасында "Екінші Ұстаз" атауына ие болды. Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасы орасан зор (150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар), ал оның айналысқан ғылыми салалары ол – философия мен логика, саясат пен этика, музыка мен астрономия. Ғылыми еңбектерінің ең әйгілісі "Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактат" деп аталады. Оның атақты “Музыка туралы үлкен трактат” деген шығармасы әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Фараби Аристотельдің әлеуметтік-қоғамдық идеяларын дамыта отырып, өз тарапынан да “Кемеңгерлік меруерті”, “Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы”, “Мәселелердің түп мазмұны”, “Ғалымдардың шығуы”, “Бақытқа жету”, “Азаматтық саясат”, “Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері” сияқты көптеген сындарлы философиялық еңбектер жазған. Фараби бұл еңбектерде дүние, қоғам, мемлекет, адамдардың қатынастары туралы заманнан озық тұрған пікірлер, пайымдаулар айтады.
Көрменің екінші бөлімі: Ұлы ақын, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналды.
Абай Құнанбайұлы Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей уезі) Абай ауданында (бұрынғы Шыңғыстау облысы) Шыңғыс тауының бауырында дүниеге келді. Ол ауыл молдасынан оқып жүрген кішкентай кезінен-ақ зеректігімен көзге түседі. Кейін ол Семей қаласында 3 жылдық медресе тәрбиесін алады. Абай оқудан қол үзбейді, бос уақытында қазақтың мәдениетін, араб, парсы, шағатай тілдерін үйренеді. Шығыс әдебиетінің алыптары Низами, Хожа Хафиз, Науаи, Физули т. б. ақындарының өлеңін жаттап өседі. Кейін ол орыс әдебиеті мен тілін өздігінен үйреніп, орыстың ұлы ойшылдары Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Щедрин, Некрасов т. б. шығармаларымен танысады. Сонымен бірге ағылшын ғалымы Дарвиннің, Шекспирдің шығармаларын да оқиды. Соның арқасында дүниетанымын кеңітіп, білімін шыңдай береді.
Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау етеді. Терең философиялық ой мен азаматтық пафосқа толы оның өлеңдері езгі мен надандыққа қарсы күреске шақырады. Жаңа заман ақыны ретінде Абай қазақ әдебиетінде поэма жанрының орнығуына ықпал етті. Оның поэмаларының мазмұны (“Масғұд”, “Ескендір”) шығыс классикалық әдебиетінің мәнерімен Абайдың өзгеше ойлауымен құрылған көркемдік прозаның дамуына Абай қосқан үлес оның “Қара сөздерімен” бағаланады, бұл кітапта Абайдың қоғамдық-саяси көзқарасы айқын көрсетіліп, көптеген тарихи, педагогикалық және құқықтық мәселелер көтеріледі. Олардың айрықша ерекшелігі тілдің көркемдігі, мазмұн байлығы, философиялық тереңдігі. Ақынның азаматтық борыш, тұрмыс мәні туралы қасиетті ойлары жас ұрпаққа бағытталған.
Абайдың музыкалық мұрасы қазақтың ұлттық өнері тарихында ерекше орын алады. Абайдың әуендік таланты халықтық негізде дамып, ақынның рухани жан-дүниесі, әлемге көзқарасы оның лирикалық әндерінде айрықша көрсетілген. Абайдың “Көзімнің қарасы”, “Не іздейсің көңілім”, “Айттым сәлем, Қаламқас”, “Татьянаның хаты” және т.б. әндері арқылы халықтық ән шығармашылығына жаңа ырғақ, ана тілді көркемдік-мәнді қолданудың жаңа қағидалары ендірілді. Абай халықтық музыка қорын ырғақтық ән өнерімен байыта отырып, жаңалық із салды.
Құрметті оқырмандар! Сіздерді тақырыптық көрмедгі ұлы тұлғаларымыздың еңбектерімен танысып. рухани азық алуға шақырамыз!