Арқалық қаласының ақпараттық, мәдени, өлкетану және білім беру орталығы
"Арқалық қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі" ММ
Арқалық қаласының ақпараттық, мәдени, өлкетану және білім беру орталығы
AA+
"Арқалық қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі" ММ
Мекен жайы:
Қостанай облысы, Арқалық қаласы, Гагарин көшесі, 21
Жұмыс кестесі:
Кітапхана оқырмандарға сағ.: 9.00 - 18.00 жұмыс жасайды. Демалыс күні - сенбі, жексенбі Әр айдың соңғы жұма күні – тазалық күні
Телефон:
8 (71430) 211 - 44
Кіру
Тіркелу

«Оқырман тәжірибесін жақсарту:

Қызмет көрсету сапасын арттыру әдістері»

(Зерделі кеңес)

Арқалық қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінде «Оқырман тәжірибесін жақсарту: Қызмет көрсету сапасын арттыру әдістері» тақырыбында маңызды зерделі кеңес өтті. Бұл іс-шара ауылдық кітапханалар арасындағы өзара тәжірибе алмасуды дамытуға, оқырманға бағытталған қызмет көрсету сапасын арттыру жолдарын қарастыруға және саладағы заманауи өзгерістер мен тиімді әдіс-тәсілдерді талқылауға арналды. Кеңес жұмысына Арқалық қаласына қарасты ауылдық кітапханалардың кітапханашылары белсенді қатысты.

Іс-шараны Арқалық қаласының ОКЖ директоры Дәмет Есенжолқызы Құсайын ашып, кітапхана қызметінің дамуындағы сапалы қызметтің маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі заманда кітапханалар тек кітап беру орындары ғана емес, сонымен қатар ақпарат пен білімнің, қоғамдық байланыстың орталығына айналуы тиіс.

Кеңес барысында тыңдалған баяндамалар мен пікірталастар қатысушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға зор үлес қосты:

«Инклюзивті қызмет көрсету: Баршаға қолжетімді орта қалыптастыру» тақырыбында балалар бөлімінің кітапханашысы Дүйсенбаева Қырмызы Шаттыққызы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті. Оның баяндамасы кітапхана кеңістігін барлық оқырмандар үшін ыңғайлы және қолжетімді ету қажеттілігін көрсетті.

«Қоғаммен байланыс – ауыл кітапханасы қызметінің сапалы көрсеткіші» атты баяндаманы Көктау ауыл кітапханашысы Шигибаева Марзия Жылкельдиновна жасады. Ол ауылдық кітапханалардың жергілікті қауымдастықпен тығыз байланыс орнатуының, түрлі іс-шаралар ұйымдастыру арқылы оқырман санын арттырудың және кітапхананы мәдени орталыққа айналдырудың әдістерін бөлісті.

Жинақтау және өңдеу бөлімінің кітапханашысы Муханова Марал Мейрамбековна «Қызмет көрсету сапасын арттырудағы дәстүрлі және электронды каталогтардың рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Ол ақпараттық технологиялардың дамыған заманында электронды каталогтардың маңыздылығын, олардың оқырманның іздеу уақытын қысқартудағы және қажетті ақпаратты жылдам табудағы рөлін жан-жақты түсіндірді. Дегенмен, дәстүрлі каталогтардың да өз орны мен мәнін жоғалтпайтынын атап өтті.

Сондай-ақ, абонемент және оқу залы бөлімінің кітапханашылары Тұрсынбек Сымбат Сабыржанқызы мен Жанатқан Ернағыз оқырманмен жұмыс жасаудың жаңа әдістері бойынша интерактивті тренинг өткізді. Қатысушылар бұл тренингке белсенділік танытып, пікір алмасу барысында өз ұсыныс-пікірлерімен бөлісті, бұл олардың күнделікті жұмысында қолданылатын әдістерді байытуға мүмкіндік берді.

Зерделі кеңес кітапхана мамандарының кәсіби деңгейін арттырып, оқырман сұранысына бағытталған сапалы қызмет көрсетудің жаңа бағыттарын айқындауға үлкен ықпал етті. Бұл іс-шара Арқалық қаласының кітапхана жүйесінің болашақ дамуына, оқырмандарға ұсынылатын қызметтердің сапасын одан әрі жетілдіруге негіз қалады. Кеңес қатысушылары кітапханалардың қоғамдағы рөлін күшейту және ақпараттық-мәдени орталық ретіндегі мәртебесін көтеру жолында бірлесіп жұмыс істеуге ынталы екендіктерін білдірді.