Арқалық қаласының ақпараттық, мәдени, өлкетану және білім беру орталығы
«Арқалық қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі»
Арқалық қаласының ақпараттық, мәдени, өлкетану және білім беру орталығы
AA+
«Арқалық қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі»
Мекен жайы:
Қостанай облысы, Арқалық қаласы, Гагарин көшесі, 21
Жұмыс кестесі:
Кітапхана оқырмандарға сағ.: 9.00 - 18.00 жұмыс жасайды. Демалыс күні - сенбі, жексенбі Әр айдың соңғы жұма күні – тазалық күні
Телефон:
8 (71430) 211 - 44
Кіру
Тіркелу

Құрметті кітап сүйер қауым!

Ұлы Жеңіс! Жеңіс бізге өздігінен келген жоқ. Ол бізге елім деп соққан ерлердің, бесіктен белі шықпаған 17-18 жастар аралығындағы майданға қару асынып кеткен жастардың батылдығының арқасында келді. Осы Жеңіс жолында от кешіп, елі үшін ұрпағының ғұмыры үшін ерлікпен шайқасқан жандардың бірі әкем Байдақ.Молдашұлы.

Әкем 1926 жылы Қостанай облысы, Аманкелді ауданы, Сартал ауылдық кеңесіне қарасты №1 ауыл Шақпақ деген жерде дүниеге келген. Аманкелді ауданы орталығындағы орта мектепте оқып орта білім алған. 1944 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, 618-ші дивизияның 44-ші атқыштар полкінде Румыния жерін азат етуге қатынасып, соғысты Одер өзеніне жақындағанда аяқтаған. Армия қатарында 1947 жылға дейін болған. Соғыстағы ерліктері үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Елге оралған соң аудандық оқу бөлімінде, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет бөлімінде, аудандық коммуналдық шаруашылық мекемелерінде есеп қызметінде жұмыс жасады.

Туған жер тарихын, оның кешегісін, бүгінін жақсы білетін ол соңғы жылдары ел өмірінен өлең – дастандар жазды. Әкем табиғатынан ақын жанды болды. Өнер өлкесінен, әдебиет саласынан алыста қызмет етіп, ол ортадан жырақта болса да, көкірегіндегі төкпе жырының сыртқа шығатын сәтін күткен. Оның бастауы «Көкшағыр» поэмасы. Сол поэма арқылы тек облыс оқырмандарына, жыр сүйер қауымға ғана емес, әдебиеттің марғасқаларының назарына ілігіп, өзінің ақындығына жол ашты. Көптеген ақын-жазушылардың, соның ішінде С. Мәуленов, Ғ. Қайырбеков, Қ. Сәрсекеев, С. Кенжеахметұлы, С. Тұрғынбеков сияқты жергілікті ақын-жазушыларымыздың еңбегін жоғары бағалап, ол кісілердің жазғандарын көп оқыған. Бірқатар жазба жинақтарының авторы. Соның бірі белгілі «Батырдың ұрпақтары» атты кітабы. 1987 жылы Алматыдан басылып шықты. Кітаптың бірінші бөлімінде әйгілі жүйрік Көкшағыр ат жайлы көзі тірі қариялардан көп деректер жинап және оның иесі Тасан батырдың ерліктерін жазды. «Әли арық» поэмасында диқанның бейнеті мол ерен еңбегін бейнелесе, «Амангелді түлектерінде» жерлестерінің жаңа өмірге деген беталыстарын, олардың игі істерін жырға қосты. Ел басына күн туған ауыр жылдар артта қалып, жаймашуақ заман орнағанда, арқа-басы кеңіп, қолына қалам алған еді. Кенжеғұл Бүркітов, Байқадам Қаралдин туралы, олардың атын есте қалдыру мақсатында жұмыс жасады. «Таң шапағы» атты өлеңін белгілі композитор, жерлесіміз Бақытжан Байқадамұлының өміріне арнаса, «Әншілер әулеті» шығармасында атақ-даңқы Арқаға белгілі жезтаңдай әншілер Мұхаметжан мен оның баласы Байқоныстың әншілік дәстүрлері, ұрпаққа қалдырған мұралары жөнінде ой толғайды. «Оралмаған боздақтар», «Ел есінде Шайхы» жыр жолдарын жазса, «Қос батыр» дастанын халқына, еліне, жеріне қорған бола білген, ата-баба даласын жаудан қорғаған қос батыр Дау ұлы Батыр Қошқар мен Иман Батырдың ерлігін жырлайды. Ол майдангер. Ол ақын. Ол үлкен ұстаз, ұл-қыз тәрбиелеген ардақты әке. Елдің асыл ардағы, аяулы азаматы 1994 жылы қайтыс болған

Тарих көші үнемі жаңаланып отырады. Десе де, ұмытылмайтын, ескірмейтін тарихи оқиғалар бар. Соның бірі- әлемді дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыстың қасіреті мен Ұлы Жеңістің қасиеті. Замандастар Еңбек және Соғыс ардагерлеріне тағзым етейік. Олардың ерліктерін ешкім де, ешқашан да ұмытпауға тиіс.

#bizbirgemiz

Installer-cbs.arkalyk,

Facebook-https://www.facebook.com/phofile.php?id=100049643914109